Нұр Отан жиналысына Кітап палатасының қатысуы


09.06.2017

26 сәуірде сағат 15.00-де Нұр Отан партиясы Алматы қаласы филиалында

(Абылайхан мен Әйтекеби көшелерінің қиылысы)                

 

ҚР Мәдениет туралы Заңына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар жөнінде, сондай-ақ авторлық қаламақы төлеудің ұсынылып отырған жобалары туралы пікір алысу отырысы өткізіледі.

 

Сол шараға қатысуға шақырамыз.

 

Нұр Отан партиясы

Алматы қаласы филиалы

 

Әлібек АСҚАРОВ, жазушы:

 

 

Қаламгерлер қайралып қайтты  

 

Келер жылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптардың тиражы бес мыңнан кем болмайды. Бұл туралы жуырда «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі өткізген кеңейтілген жиында мәлім болды.

«Ұлттық жаңғыру – ел болашағының кепілі» атты Елбасы мақаласын талқылау аясында өткен жиын «Қазақ әдебиетін қолдау және кітап өнімдерін тарату» тақырыбына арналған. Басқосу тізгінін жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қалалық «Мирас» қоғамдық кеңесінің Төрағасы

Әлібек Асқаров ұстаған еді.

Баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова бүгінгі таңда Парламентте талқыланып жатқан «Мәдениет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда бұқараға жариялаған «Ұлттық жаңғыру – ел болашағының кепілі» атты мақаласының ұстанымымен үндес екенін айтты.

Иә, ел дамудың келесі кезеңіне аяқ басуы үшін кей тұстарда елеулі өзгерістерге дайын болуы, сананы жаңғыртуы, жаңа жол тауып, тың тәсілдерге көшуі қажет болуы мүмкін. Мұндай бетбұрыс кешегі кеңестік кезеңдегі үкімет қолдауынан қағылғалы біршама күйзелісті бастан кешкен, әлі соның салдарынан айыға келе алмай жатқан бүгінгі қазақ әдебиетінің өкелдерінен де, мемлекеттік мекемелерден де талап етілетіні даусыз. Бұл орайда «Біз, «Нұр отан» партиясы, бұдан былай жазушылардың кітаптарын шығарып, таратуға ерекше күш салатын боламыз», -  дейді Жұлдыз Қажыкенқызы. Қаламгерлерді бұлай үміттендіруге қазір өзгеріс пен толықтыру жасалып жатқан «Мәдениет туралы» заң негіз болып отырғанын да жасырмады.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша, әр түрлі деңгейлі 12 мыңнан астам кітапхана бар екен. Демек, бұдан былай жарыққа шығып жатқан кітаптардың саны 12 мыңнан кем болмауға тиіс. Сол дәрежеге жеткенде ғана еліміздегі барлық кітапханалар жаңа кітаптармен түгел қамтылып, үлкен қалалардан бастап, аудан, ауыл кітапханаларына дейін өз қорын жаңартып, байып отыратын болады.

Жиында ҚР Мәдениет және спорт министрлінің өкілі Күміс Сеитова «ҚР Мәдениет туралы Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» әңгімеледі. Күміс Қарсақпайқызының айтуынша, аталған заң жобасы қабылданатын болса, еліміздің  рухани-мәдени өміріне қатысты біраз мәселе жүйелене түспек. Нақты атап айтар болсақ, бұл жоба біріншіден, мәдениет саласы бойынша білім беруді реттеуге қатысты жаңатармақтарды іске қосқалы отыр. Екіншісі, аймақтардағы мәдени ошақтарды сақтау және қайта құру бағытында. Тек қана 2013-2015 жылдар аралығында ел аумағында 40 мәдени мекеме жабылған екен. Осы деректі тілге тиек еткен Күміс Қарсақпайқызы бұдан былай елдің рухани жаңғыруына, мәдени өсуіне қажетті мекемелер қайтадан жанданып, әрбір аймақта баяғыша мәдениет үйлері жұмыс істейтінін айтты. Заңға енгізілмек келесі өзгеріс – ҚР Ұлттық  мемлекеттік Кітап палатасының қызметі мен міндеті туралы тармақтар. Бұл мекеме біздің мәдениет саласын қамтитын заңымызда қамтылмай келген екен. Соның салдарынан кейбір мерзімді басылымдар мен баспа өнімдері тиісінше Кітап палатасына тіркелмей, мекеме жұмысына біршама көлеңке түсірген ұқсайды. Тағы бір маңызды мәселе, заң жобасы қабылданатын болса, қазба жұмыстары тек қана мемлекет тарапынан жүргізіліп, табылған археологиялық бұйымдардың бәрін түгел музей қорына өткізу қатаң жолға қойылады екен. Сонымен бірге, музей экспонаттарының электронды каталогын жасау талап етілетін болады. Еліміздегі театрлар, ондағы көркемдік кеңес қызметі, Астана, Алматы және Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған цирк және цирктегі мемлекеттік сатып алу мәселесін реттеу мақсатын көздеген жаңа мәтіндермен толыққан заң жобасы авторларға қаламақы төлеуді де жолға қоюға бағытталған. Алайда, жиын барысында жазушы-драматург, Дүние жүзі қазақтарының Қауымдастығы Төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев айтқандай, заңда «қаламақы» деген сөз жоқ. Ол «авторлардан шығармаларын сатып алу» бойынша жүзеге аса бастайды. Осы мәселеге кеңірек тоқталып, заң тілін, нарық талабын әріптестеріне тереңірек түсіндірген Сұлтанәлі Балғабаев қаламақы дегенде қаламгерлер дәл кеңестік замандағыдай жағдай қайта туады деп сеніп қалмауы керектігін де ескертуді ұмытқан жоқ. Яғни, бұл тұста да, Елбасы айтқандай, сананы өзгерту қажет. Жазушылардың қаламақы алу жүйесі біршама жетілдіріліп, қаламгерлер мемлекет тарапынан қолдау көре бастайды. Ол, мәлім болғандай, минитсрліктер авторлардың шығармасын сатып алуы немесе белгілі бір авторларға тапсырыс беруі арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл белгілі бір деңгейде шығармашылық бәсекені арттырып, қаламгерлердің шыңдалуына да септігін тигізеді. Ал қандай кітап сатып алынатынын министрлік жанынан құрылатын арнайы комиссия шешетін болады. Министрлік өкілі Күміс Қарсақпайқызы мәлімдегендей, заң қабылданғаннан кейін негізінен тек жаңа кітаптар сатып алына бастайды екен.

Басқосу барысында қаламгерлер авторлардың шығармаларын сатып алу мәселесіне байланысты өз ойлары мен ұсыныстарын да жеткізді. Департамент басшысы айтылған ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынына сендірді.