«Жібек жолында» әдеби керуен көш түзейді


06.10.2017

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Шэньси провинциясының Сиань қаласында «Жібек жолы» IV халықаралық мәдени фестивалінің аясында тұңғыш рет Қазақстан мен Қытай жазушыларының симпозиумы өтті.  

Солтүстік-Батыс университетінің ұйымдастыруымен өткен бұл шараға 130-дан астам адам қатысты. Қазақстан делегациясын белгілі жазушы, ҚР Ұлттық Кітап палатасының директоры Әлібек Асқар бастап барды. Қытай тарапынан Жазушылар одағының вице-президенті, Шаньси жазушылар қоғамының төрағасы Хан Кэ, Жазушылар одағына қарасты «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Му Дао, Солтүстік-Батыс университетінің басшылығы, профессорлары мен студенттері, Қытайдың Қазақстандағы  бұрынғы елшісі  Яо Пэйшэн және Ван Сяоюй, Ван Фэньлин, Ду Вэньцзюань, Хун Кэ, Ма Юйчэнь, Ян Чанцзюнь, Сянь Лэмоу сияқты елдің көрнекті  жазушылары, Литен Шау сияқты тарлан тарихшылар қатысты. Симпозиуымның жоғары дәрежеде өтуіне Қытайдағы ең көне оқу орындарының бірі болып саналатын Солтүстік-Батыс университетінің ректоры  Го Лихун мен «Жібек жолы» институтының жетекшісі Лу Шаньбин Қазақстаннан барған делегацияны жылы қабылдап, симпозиумның жемісті өтуіне барынша қолдау көрсетті.  

 Шэньси провинциясы білім басқармасы бастығының орынбасары Ван Цзыгуй өз сөзінде Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» бастамасы мен Қазақстандағы «Нұрлы жол» бағдарламасының екі ел арасындағы мәдени байланыстарды арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. «Бұл Қытай мен Қазақстан халқының арман-мүдделерін мейлінше жақсырақ
түсінуге мүмкіндік береді деп сенемін», - деді ол ол өз сөзінде.

«Жібек жолы» экономикалық белдеуі – бірнеше мемлекетті ортақ экономикалық даму жүйесіне біріктіретін жоба. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру жөніндегі бұл стратегиялық жоба 2013 жылы  ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде ұсынылған болатын. Си Цзиньпин Назарбаев университетінде жасаған баяндамасында, Жібек жолы экономикалық белдеуін құру инициативасын ұсынды. Бұл стратегиялық бастама Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына ие болды. Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жобалар екі ел арасындағы қарым-қатынасты тек экономикалық жағынан дамытып қоймай, гуманитарлық салада да тығыз байланыс орнауына,  рухани, әдеби байланыстардың да арта түсуіне ықпал ететіндігі симпозиум барысында анықтала түсті.

Симпозиум өткен Сиань қаласы  – бұдан 3100 жыл бұрын іргесі қаланып, 13 династия алмасқанша Қытайдың астанасы, «Ұлы жібек жолының» межелі жері болған, мәдениеті мен тарихы бай қала. Атақты Цинь Шихуанди мавзолейі мен оған қоса жерленген Терракота әскері осы қаланың іргесінде. Ал  Қазақстан мен Қытайды ғана емес, Еуропа мен Азияны байланыстырған «Ұлы Жібек жолының» қарқынды дамуына Цинь дәуірінің ықпалы ерекше болғаны тарихтан мәлім. Қазақстаннан барған құрметті қонақтар осы мавзолейге барып, ғасырлар қойнауына сан түрлі аңыз қалдырған, бүгінде әлемдік ЮНЕСКО Мәдени Мұрасының тізіміне енген, әлемнің сегізінші кереметін аралап көрді.

 Симпозиум барысында қазіргі кездегі әдебиеттің хал-ахуалы мен өзекті мәселелері сөз болды. Төрт күн бойы жазушылар өз туындыларымен бөлісіп, қазіргі кезеңдегі әдебиеттің рөлі, оның халықтар арасындағы байланысқа әсері жайында сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетінің арасындағы байланыс пен ықпалдастық туралы әңгімелесіп,  алдағы күннің жоспарларымен бөлісті. Симпозиум нәтижесінде  екі ел жазушыларының арасында жаңа мәдени байланыс орнады, алдағы уақыттағы әріптестікке жол ашылды. Жазушылардың негізгі тақырыптар бойынша жасаған баяндамалары, әдебиетшілер арасында түрлі тақырыптарды талқылау, жастармен, студенттермен кездесу, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбаттар. т.б шаралар симпозиумның  оң нәтижелер беруіне мүмкіндік берді.  Жиналған жазушылар әрі қарай қоян-қолтық әріптестікте жұмыс істейміз деп шешті.

Симпозиум нәтижесінде  - ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мен Солтүстік – Батыс Жібек жолы университеті өзара меморандумға қол қойды. Меморандумда екі жақтың жазушылары үшін де маңызды әрі пайдалы болған симпозиумды тұрақты түрде өткізіп отыру туралы шешім қабылданды. Аталған шараны алдағы жылда да жалғастыру туралы ұсыныстар қызу қолдау тапты. Екіжақты күш салып, екі елдің жазушыларының әдеби шығармалары жарық көріп отыратын веб-сайт ашылатын болды.

Қытай жазушылары мен Қазақ жазушыларының бір-бірімен тығыз шығармашылық байланыста болуы үшін, олардың  шығармаларын бір-біріне қолжетімді ету керек. Ол үшін, әрине, қытай тілінде жарық көрген шығармаларды қазақшаға, қазақ жазушыларының шығармаларын қытай тіліне аудару қажет екендігі анық. Сондықтан екі  жақты күш салу арқылы аударма мәселелесін қолға алу да маңызды болмақ.

Осы уақытқа дейін қазақ жазушыларының арасынан қытай тіліне аударылғаны аз. Абайдың қара сөздері,  М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, С. Мұқановтың «Ботагөз» романы ертеректе қытай тіліне аударылған. Кейінгі кезде М.Мақатаевтың өлеңдері, Р.Отарбаевтың әңгімелер мен повестер жинағы, Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасы, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтамовтың «Құз басындағы аңшының зары» атты сұхбаты аударылған.

Ал қытай жазушыларынан қазақ тіліне Конфуций, Лу Синь, Ба Цзинь сынды үлкен жазушылардың туындылары тәржімаланды. Алайда бұл кітаптардың барлығы орыс тілі арқылы аударылғаны белгілі.  Түпнұсқадан аударылғаны тек Нобель лауреаты Мо Янның шығармалары ғана болып отыр.   

Қазіргі кезде қытай жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне түпнұқсадан тікелей аударуға мүмкіндік туды. Сол сияқты қазақ жазушыларының шығармалары да миллиардтан асқан  оқырманы бар қытай тіліне аударылып жатса, әдебиеттегі жаңа көкжиектер ашылар еді. Екі елдің жазушылары осы сияқты мәселелер төңірегінде кеңінен әңгімелесті.    

Әңгіме аударма жөнінде болған кезде, сапалы аударма жасайтын аудармашылар дайындау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жекелеген аудармашылар қазірдің өзінде заманауи Қытай жазушыларынан  бірді-екілі аударма жасап жүргендері бар. Олардың кейбірі оқырман тарапынан жылы пікірге ие болып та жатыр. Алайда бұл аудармалар сыншылардың тезінен өтіп, әдеби ортада толық мойындалған аудармалар емес. Бір қуанарлығы – елімізде қытай тілін жетік меңгерген, Қытайда жоғарғы оқу орындарында оқыған қаламгерлер баршылық. Аударма мәселесі сөз болғанда, Қытайдағы қазақ диаспорасында тұрып жатқан  қаламгерлердің, атамекенге оралған қазақ жазушыларының көмегіне жүгіну орынды болмақ.  

Аударылған шығармалардың таралымы да басты мәселелер қатарында қарастырылды. «Жібек жолы әдебиеті» тақырыбында жаңа, кесек туындыларды шығару мақсатында, екі елдің де жазушыларын «Нұрлы жол» экономикалық саясатын «Бір белдеу – Бір жол» ұранымен ұштастырып жаза білген жазушыларды ынталандыру туралы шешім қабылданды.

Қытай-қазақ жазушылары шығармаларының жыл сайынғы жинағын шығарып отыруды қолға алу келісілді.

Аталған шаралардың барлығына екі жақты күш салынатын болды. Меморандумға қол қойған тараптар шараны өткізуге қолдау көрсеткен Шэньси провинциясының Мәдениет департаментіне, Солтүстік-Батыс университетіне алғыстарын білдірді.

Ежелден үздіксіз қарым-қатынаста болған  Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар ежелгі «Жібек жолын» қайта жаңғыртып жатқан екі елдің арасындағы алтын көпір болары анық. Демек, «Жібек жолында» әдеби шығармалар керуені көш түзейді деген сөз.

 

Бану Дәулетбаева

Источник